«Қызылжар U21» Көкшетауда сырт алаңдағы кездесуде есе жіберді
Қазақстан Екінші лигасының «Солтүстік-Шығыс» дивизионы аясында өткен 17-турда «Қызылжар U21» командасы сырт алаңда көкшетаулық клубпен кездесіп, 4:1 есебімен жеңіліс тапты.
Матчтың алғашқы минутынан-ақ алаң иелері белсенділік танытты. Бірінші таймның өзінде біздің жігіттер 2:0 есебімен қалыс қалды – қарсылас сапынан Ерсат Есім мен Никита Михайлов қанжығаларын майлап, өз командасын алға шығарды.
Екінші таймның басында да сәттілік алаң иелері жағында болды: Захар Порох үшінші голды соғып, есепті еселей түсті. Алайда біздің жігіттер намысты қолдан бермей, шабуылды үдетті. Нәтижесінде, 64-минутта Райымбек Сейсебаев мергендік танытып, есеп айырмасын қысқартты – 3:1.
Осы голдан кейін «Қызылжар U21» ойын тізгінін қолға алып, таразы басын теңестіруге тырысқанмен, шабуылдарды голға айналдыру мүмкін болмады. Керісінше, қарсылас тағы бір сәтті сәтті пайдаланып, Виктор Зябко төртінші голды соқты.
Негізгі уақытқа қосылған қосымша минуттарда біздің жігіттер есепті қысқартуға тамаша мүмкіндік алды. Темірлан Жиеналиев қарсылас айып алаңында белсенділік көрсетіп, пенальти жасап шықты. Алайда, өкінішке қарай, Жантөре Молдабаев 11 метрлік айып соққысын сәтті орындай алмады.
Қорытынды есеп — 4:1. Жігіттеріміз келесі ойындарда қателіктермен жұмыс істеп, жанкүйерлерді жеңіспен қуантады деп сенеміз!