«Қызылжар» Қазақстан Кубогының ширек финалына жолдама алды
Кеше Павлодарда «Қызылжар» жергілікті «Ертіс» командасын 2:1 есебімен қапы қалдырып, Қазақстан Кубогының келесі кезеңіне жолдама алды.
Ойын біздің команданың басымдығымен басталды. Ауттан лақтырылған допты сәтті пайдаланып, оған бірінші болып Демият Сламбеков жетті де, матчтағы есепті ашты. Алаң иелері бұған көп ұзамай жауап қата алды, павлодарлық Мирас Тұрлыбек гол соғып, тараз басын теңестірді.
Алайда екінші таймда біздің жігіттер Павлодарға тек жеңіс үшін келгенін дәлелдеді. Ойынның 58-минутында бұрыштамадан тамаша асырылған пасты Пламен Галабов қақпаға дәл бағыттап, команданы алға шығарды. Дәл осы гол бізге жеңіс сыйлап, ширек финалға алып шықты.
Кубоктың 1/4 финалында бізді астаналық «Жеңіспен» сырт алаңдағы кездесу күтіп тұр. Бұл матч 13 мамыр күні өтеді. Ал әзірге босаңсуға уақыт жоқ, команда Қазақстан Премьер-лигасының келесі турына қызу дайындықты бастап кетті. Осы сенбі күні сағат 15:00-де көкшетаулық «Оқжетпеспен» тартысты ойын өткізу үшін «Қарасай» стадионына ораламыз.