«Қызылжар» өз алаңында «Ақтөбені» сенімді түрде жеңді!
1 тамыз күні Қазақстан Премьер-лигасының 20-туры аясында «Қызылжар» өз алаңында «Ақтөбе» командасын қабылдап, 3:1 есебімен сенімді жеңіске жетті.
«Қарасай» стадионында өткен тартысты кездесуде командамыздың бастапқы құрамы келесідей болды: Дмитрий Челядник, Никита Губарев, Анатолий Козленко, Слободан Урошевич, Артем Черединов, Александр Нойок, Йоаннес Бьорталид, Евгений Макаренко (к), Стефан Баокен, Лиридон Латифи, Этьен Бугре.
Ойын барысы:
Командамыз матчты өте белсенді бастап, 2-минутта-ақ жылдам гол соқты! Ауттан қосылған допты Этьен Бугре басымен қақпаға бағыттаған еді, қарсылас қорғаушылары допты қайтарғанымен, қайтқан допқа бірінші болып команда капитаны Евгений Макаренко жетіп, есеп ашты — 1:0.
Осыдан кейін қонақтар таразы басын теңестіруге ұмтылып, шабуылды үдетті. Алайда қақпашымыз Дмитрий Челядник шешуші сәттерде керемет сейвтер жасап, команданы бірнеше рет құтқарып қалды. Дегенмен, бірінші таймның соңына таман қарсылас саптан Атанасов айып соққысын сәтті орындап, есепті теңестіріп кетті — 1:1.
Екінші таймда қос коллектив те тек жеңіске ұмтылып, алаңда нағыз тартыс жүрді. 80-минутта Лиридон Латифи допты басымен Этьенге асырмақ болған сәтте, доп Сейдахметтің қолына тиді. Төреші VAR жүйесінің көмегімен пенальти белгіледі. Нүктеге келген Этьен Бугре қақпашы мен допты екі жаққа айырып, салқынқандылықпен есепті 2:1-ге жеткізді!
Ал 88-минутта Лиридон Латифи мергендік танытып, командамыздың үшінші голын соқты және ойынға нүкте қойды — 3:1!
Өз алаңымыздағы өте маңызды әрі сенімді жеңіс! Турнир кестесіндегі еншімізге құнды 3 ұпай қостық!