30.04.2026

«ҚЫЗЫЛЖАР» ӘЙЕЛДЕР КОМАНДАСЫ ЧЕМПИОНАТТЫ БАСТАДЫ

«ҚЫЗЫЛЖАР» ӘЙЕЛДЕР КОМАНДАСЫ ЧЕМПИОНАТТЫ БАСТАДЫ

Қазақстан чемпионатының жаңа маусымы «Қызылжар» әйелдер командасы үшін басталды. Бірінші тур аясында Мадияр Кембіловтің шәкірттері сырт алаңда өскемендік «Алтаймен» кездесіп, голға толы тартысты матч өткізді.

Ойын біздің команданың басымдығымен басталды. Бірінші таймда ойыншыларымыз сенімді ойнап, Аяжан Абдина мен Жансезім Айсапардың күшімен екі жылдам гол соғып, алға шықты. Алайда, 34-минутта жағдай қиындап кетті: ойыншымыз Анель Бланк екі сары қағаз алып, алаңнан ерте кетуге мәжбүр болды. Осылайша, командамыз ойынның көп бөлігін бір адамға кем құрамда өткізуге мәжбүр болды.

Екінші таймның басында алаң иелері бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Бірақ біздің команда мінез көрсетіп, жылдам қарсы шабуыл ұйымдастырды – Жансезім Айсапар дубль авторы атанып, есепті 1:3-ке жеткізді.

Өкінішке қарай, матчтың соңына таман шаршаңқылық сезіліп, төреші қосқан қосымша уақытта өскемендіктер екі гол соғып, есепті теңестіріп кетті.

Қолда тұрған маңызды ұпайларды жоғалту өкінішті-ақ, бірақ бұл тек маусымның басы. Ең бастысы – футболшыларымыздың жеңіске деген құлшынысы мен кем құрамда ойнағанына қарамастан танытқан қайтпас мінезі.

Келесі кездесу – үйде!
Әйелдер командасы келесі турды өз алаңымызда өткізеді. 5 мамыр күні сағат 15:00-де барлық жанкүйерлерді «Қарасай» стадионында күтеміз. Командаға сіздердің қолдауларыңыз қажет!

Поделиться: