05.08.2026

Командамыз өз алаңында «Жеңісті» ірі есеппен жеңді!

Командамыз өз алаңында «Жеңісті» ірі есеппен жеңді!

Қазақстан Әйелдер лигасының 14-туры аясында біздің команда өз алаңында астаналық «Жеңісті» қабылдап, 5:0 есебімен тамаша жеңіске жетті.
Екінші орын мен плей-офф жолдамасы үшін таласып жатқан қос команда үшін бұл кездесудің турнирлік маңызы зор болды. Бұл маңызды ойында командамыздың негізгі құрамында Әсел Әнуарбек (капитан), Камила Истатаева, Жібек Жақсыбай, Анель Бланк, Карина Ботабек, Нұрсая Сұлтан, Әсел Жолболат, Жансезім Айсапар, Сабрина Нұржігітова, Варвара Ковалева және Асальхон Аминжонова алаңға шықты. Алғашқы минуттардан-ақ алаңда тартысты ойын өрбитіні байқалғанмен, біздің қыздар ойын тізгінін толықтай өз қолдарына алды.
Матчтағы есепті біздің қыздар ашты: Асальхон Аминжонованың тамаша пасынан кейін Сабрина Нұржігітова мергендік танытты. Ал бірінші таймның соңына қарай Әсел Жолболат команда басымдығын екі есеге ұлғайтып, үзіліске жайлы 2:0 есебімен шықтық.
Екінші таймда қыздарымыздың шабуылын тоқтату мүмкін болмады: алдымен Сабрина Нұржігітова өз мүмкіндігін сәтті пайдаланып, есепті 3:0-ге жеткізсе, көп ұзамай Әсел Жолболаттың пас беруінен кейін Аяжан Абдина бос қалған қақпаға допты дәл бағыттады. Ал ойынның нүктесін Сабрина Нұржігітова қойып, керемет хет-трик жасады — қорытынды есеп 5:0!
Осы маңызды жеңістің арқасында командамыз «Жеңіспен» арадағы ұпай айырмасын 5 ұпайға дейін қысқартты — плей-офф жолдамасы үшін тартыс жалғасуда!
Келесі матчты біздің қыздар сырт алаңда өткізеді: 10 тамыз күні Қостанайда «Тобылға» қарсы ойнаймыз. Командамызға сенеміз және жеңісті серияның жалғасуын тілейміз!

Поделиться: